Анамның қолдары
Анамның қолдары

1-ші курстың қарашасы. Ауылдан, әке-шешемнен алыстағаныма үш ай. Бұл үш ай мен үшін үш жылмен теңеліп, үйді әбден сағынып жүрген кезім. Ата-анамнан бөлек кеткен ең ұзақ уақыт - осы үш ай болатын.

Сабақтан шыққасын, әдеттегі автобусқа мініп үйге бет алдым. Жарты жолға жеткенде алдымда отырған апайдың қолдарына көзім түсіп кетті. Тура анамның қолдарына ұқсайды екен! Саусақтары, тіпті тырнақтарына дейін ұқсаған ғой. Ой, Алла, дәл мұндай ұқсастық болар ма?! Анамды қатты сағындым. Көзіме бірден жас келді. Әлгі апайдың қолдарынан көз алмай қарап келем. "Анам мені осындай қолдарымен бақты ғой. Шашымды тарап, киімімді жуып, тамақтандырды ғой. Құласам үстімді қағып, жыласам жұмсақ алақандарымен жасымды сүртті ғой..." - деп анамның бар мейірімін есіме түсіріп келемін. Сағыныштан тығылып шыққан жасымды тыя алар емеспін. Бұрындары қасында болғасын ба, дәл бұлай терең ойға кетіп, қадірін біле бермеппін.

Аялдамадан түсіп қалғасын Аллама шүкір айтып, анам үшін дұға тіледім. Анамның қолдарын "көріп", сағынышым сәл де болса басылғандай болды...

" Саған деген сағынышым жетер ме,

Жеткізе алмай мен өмірден өтем бе?!

Жан анашым жаутаңдадың баладай,

Қош айтысып мен ауылдан кетерде..."

Ғалия ӘбдіғаниқызыҒалия Әбдіғаниқызы
9 жыл бұрын 6745
1 пікір
Блог туралы